10 маусымда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында рухани-танымдық «ALQA» радиосының 1 жылдығына орай республикалық дөңгелек үстел өтті, деп жазады Egemen.kz.
Дөңгелек үстел Астана қаласы Мәслихатының төрағасы Табиғат Қабденұлы Зейнұлқабденнің құттықтау сөзімен ашылды. Мәслихат төрағасы жаңа заман талабына сай жұмыс істеп отырған ақпарат құралының қысқа уақыт ішінде қоғамнан өз орнын алғанын атай келе, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Басқарма басшысы Жапал Әмзебекұлы Радиоарнаның өз мақсатына сай, кәсіби түрде хабар таратып отырғанын баса айтты.
Бас баяндаманы «ALQA» радиосының Бас редакторы Серік Сейітман жасады. Баяндамада Радиоарнаның кешегі, бүгінгі жағдайы мен болашаққа жоспары жан-жақты таныстырылды. Жұмыстың нөлден басталғанын атап өткен Бас редактор бір жылдың ішінде Радионың атын қоюдан бастап, студияны жасақтау, заманауи құрылғылармен жабдықтау, кәсіби мамандарды тарту, рухани-ағартушылық бағыттағы бағдарламалар ашу, бағдарламалар кестесін құру, имидждік роликтер мен әндер қорын қаыптастыру, әлеуметтік желілердегі жұмысты жолға қою, мобильдік қосымша, ресми сайтты іске қосу секілді сан салалы жұмыстардың тиянақты жүйеленгенін баяндады:
«2024 жылдың 10 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен эфирдегі жұмысымызды бастадық. Қызықты қараңыз, араға 18 күн салып – 28 маусымдағы Журналистердің кәсіби мерекесінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының баспасөзге түгел атсалысып, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтті. Және аға буынның сара жолын лайықты жалғастыру қажет екеніне айрықша тоқталды. Бұл – Алаштың аманатын арқалаған «Алқа» радиосының аты да, заты да мемлекеттік маңызға ие деген сөз!».
Серік Сейітман «Алқа» радиосы 100 пайыз өзінің төл өнімдерін эфирге шығарып келетінін де тілге тиек етті:
«Осы орайда біздің youtube арнамыздағы бағдарламаларымызға отандық екі телеарнаның ықыласы ауып отырғанын атап өтейін. Басшылары бізге шығып, эфирімізге қойсақ деген ұсыныс айтқанына біраз болды. Ал оларға келісім беру жағы заңгеріміз бен шығармашылық кеңестің алдағы шаруасы деп білемін», – дей келіп, Радиоарнаның болашақтағы жоспарымен де бөлісті:
«Алда толқыннан жиілік алу жоспарымыз бар. Жаңалықтар қызметін іске қосу, ақпараттық репортаждар тарату, тыңдармандармен тікелей эфирде кері байланыс орнату секілді Радиоарнаны жанрлық жағынан түлету ісі де сол күндердің еншісінде деп білемін. Бұл – қаржы мен қажырды тиімді жұмсауға байланысты құрылған стратегиялық даму бағдарламамыздың ұтымды тұсы».
Қазақ радиосының ардагерлері, даңқты дикторлар Сауық Жақанова мен Аманжан Еңсебайұлы шараға құрметті қонақ ретінде шақырылды. Олар дәстүр мен жаңашылдыққа байланысты өз тәжірибелерімен бөлісті, «ALQA» радиосының жұмысын өте жоғары бағалап, ізбасарларына ақ батасын берді.
Астана қаласы Мәслихатының депутаттары мен Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен сала мамандары және зиялы қауым өкілдері ақпарат пен ағартушылық тақырыбында кәсіби пікірлерін ортаға салды. Олардың қатарында Астана қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Көшқали және қоғам қайраткерлері Серік Тәукебаев, Төлеген Қуанышев, Қанат Естек, алаштанушы ғалымдар Айгүл Ісмақова, Қайрат Сақ, белгілі дін маманы Нұрлан Байжігітұлы бар.
Өнер зерттеушілері, дәулескер күйшілер Айтжан Тоқтаған мен Ахат Байбосынов күйден қонақкәде ұсынып, әнші-актриса Алтынай Нұрбек тамылжыта ән шырқады. Шара аясында Асхат Бозымбай мен Гауһар Қанатбай бастаған қолөнер шеберлерінің көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, театр және кино актері Әділ Ахметов, рекордшы Темір Сыпатай өз өнерлерін ортаға салды. Аталған өнерпаздардың бәрі «ALQA» радиосының бағдарлама жүргізушілері.
Рухани-танымдық «ALQA» радиосы 2024 жылдың 4 маусымы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күнінде салтанатты түрде таныстырылып, 10 маусым күні таңғы сағат 6:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен эфирдегі жұмысын бастады.
«ALQA» радиосы діни экстремизм мен терроризмге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында: төл мәдениетімізді, дәстүрлі дінімізді, тарихымызды, дәстүрімізді және төлтума өнерімізді насихаттауға бағытталған танымдық бағдарламаларды таратады. Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, мемлекет құрушы қазақ халқының төл дүниетанымы мен тұрмыс-салтын, салт-дәстүрін шынайы түрде насихаттауды, отандық және шетелдік радиотыңдармандарға Қазақ елін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде таныту, ел азаматтары мен елорда тұрғындарын ізгілік пен имандылыққа шақыру, қазақтың бай музыкалық мұрасы арқылы ұлтымыздың рухани және ақпараттық кеңістігін сапалы дүниелермен толтыруды көздеген ақпарат құралының хабар тарата бастағанына 2025 жылдың 10 маусымында 1 жыл толды.
"ALQA" радиосы құрылымдық жүйе бойынша Дін істері жөніндегі басқармаға қарайды. Басқарма басшысының пікірінше бастапқыда жоба ретінде жұмысын бастаған ақпарат құралы қазір кәсіби мамандардың арқасында шығармашылық ұжым боп қалыптасты.